28 маусымда парламенттік сессия жұмысының қорытындысы жасалады – Ерлан Қошанов
– Мәжіліс 100 заң қабылдады, соның ішінде әр үшінші заңға депутаттар бастамашылық етті. Бұл туралы палата төрағасы Ерлан Қошанов айтты.
«Бүгін біз Мәжілістің екінші сессиядағы жұмысын аяқтағалы отырмыз. Жалпы, парламенттік сессия жұмысын жұма күні Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қорытындылаймыз. Қазір енді Мәжіліс жұмысының кейбір нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтейін. Өткен сессия мазмұнды әрі нәтижелі болды. Президенттің ауқымды реформалар бағытын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша байыпты да қажырлы іс атқарылды. Осы сессияда біз 39 жалпы отырыс өткізіп, 302 мәселені қарадық. Мәжіліс 100 заң қабылдады, соның ішінде әр үшінші заңға депутаттар бастамашылық етті. Біз Президенттің саяси реформаларын ілгерілетуге бағытталған заңдар топтамасын қабылдадық. Олардың ішінде – сот жүйесі туралы конституциялық заң, адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы, масс-медиа туралы заңдар бар», – Е. Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, қоғамды ұзақ уақыт бойы алаңдатып келген өткір мәселелер – халықтың шамадан тыс кредит алуы, әйелдер мен балалар қауіпсіздігі, сондай-ақ лудомания мәселелері заңнамалық тұрғыдан реттелді. Аса маңызды заңдар ішінен «Ұлттық қор – балаларға» және жер қойнауын пайдалану мәселелері туралы құжаттар бар. Бұл заңдар – әлеуметтік әділеттілік қағидаттары іс жүзіне асып жатқанының айшықты айғағы.
«Ондаған жылдар бойы шахтерлердің, кеншілердің, металлургтердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі шешілмей келген еді. Осы орайда Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау туралы заң қабылдадық. Сол арқылы біз 400 мыңнан астам өндіріс еңбеккерлерінің талап-тілегін орындадық. Бұған қоса, ел Президентінің жаңа экономикалық саясатын іске асыру үшін мемлекеттік сатыпалым, бизнес жүргізу, жылу энергетикасы, жер қойнауын пайдалану туралы заңдар қабылданды. Депутаттар Мемлекет басшысының үшінші Ұлттық құрылтайда айтылған заңнамалық бастамаларын да іске асырды. Атап айтқанда, вейп таратуға қарсы, бірегей тарихи объектілерді қорғауға арналған заңнамалық шаралар қабылданды. Вандализм үшін жауапкершілік күшейтілді. Депутаттар өз қызметі аясында парламенттік бақылау әлеуетін толық көлемде пайдаланды. Мәжілісмендер мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары атына 527 депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалдарға азаматтардың талап-тілектері мен мұң-мұқтажы арқау болды», – деді Мәжіліс төрағасы.
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 656
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 657
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 658