Амал мерекесі неге батыста ғана тойланады?
14 наурыз күні еліміздің батыс өңірлерінде Амал мерекесі атап өтіледі. Ал өзге өңір жұртшылығы үшін бұл мереке таңсықтау. Десе де бұл мерекенің қазақ тарихында ертеден бар екені мәлім.
“Амал күні”, “Көрісу күні” деп аталатын бұл мереке жайлы түрлі деректер мен аңыз-әпсаналар бар. Негізінен “Амал мерекесі” тек батыста ғана емес, бұрындары еліміздің көп жерде болғанға ұқсайды. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: “14-март — ескіше 1-март. Әкей айтты: “Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты — Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты — ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. “Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар” — деген. Осыған қарап, ХІХ аяғы мен ХХ ғасырдың басына дейін қазақ даласында көрісу дәстүрі болған деген пікірмен келісуге болады. Кеңес үкіметінің саясатына байланысты, еліміздің көптеген аймағында Амал мерекесін тойлау ұмытылып, батыс өңірлерде ғана сақталып қалған секілді. Тіпті кей археологтар Амал мерекесінің түп-төркінін Адай тайпасының пайда болуымен де байланыстырады.
Неге 14 наурыз күні тойланады?
Тарихқа көз салсақ, Амал мерекесінің 14 наурызда тойлануының бір себебі күнтізбенің алмасуында жатыр. Әлем жұртшылығы шаруаның жайына қарай, қардың еруі, өзендердің тасуы, құстардың көктемде келіп, күзде қайтуын ескеріп, осы құбылыстардың қайталануын жыл деп есептеп, табиғи күнтізбелер жасаған.
1918 жылдың 24 қаңтарында “Батыс Еуропа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы” В.И.Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде юлиан және григорий күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді. Декретте көрсетілгендей, 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Соның әсерінен бұрын 1 наурызда Жаңа жыл — Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі 1918 жылдан бері қарай 14 наурызда көрісіп келеді деуге болатын сияқты.
14 наурыз күні Ай мен Үркердің қиылыса өтуін қазақ халқы тоғыс деп атаған. Тоғыс осы 14-15 наурызға сәйкес келеді екен. Халық осы уақытты қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды деп есептеген.
Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал — Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы болып табылады. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. “Наурыз” сөзі парсының “жаңа күн” дегенінен шыққан. Ертеде біздің қазақ бұл күнді “наурыз” демей “амал” деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді.
Қар еріп, көктем шыға бастағанда, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, жан-жануар, тіршілік атаулы ұйқыларынан оянатыны белгілі. Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, қыс бойы ұйқыда жатқан балпақ оянып, інінің аузына шығып, басын қылтитып далаға қарайтын көрінеді. Осы кез 14 наурызбен тұспа-тұс келеді екен. Бұл көріністі далалықта, құмдауыт жерлерде бақылауға болады.
Көрісу – дәстүрдің озығы
Амал мерекесі немесе көрісу – ағайын-туыс татулығы, ел бірлігінің бір көрінісі іспетті. Өйткені, бұл дәстүр ағайын арасындағы түсінбеушілікті жойып, татуластырып, табыстырады. Арадағы өкпе-ренішін кешіріп, араздықты ұмыттырады. Тек бір-біріне жақсылылық тілеп, алғыс айтылады.
Көрісуде ер мен әйелге шектеу қойылмайды. Ер адамдар қос қолын ұсынып көріссе, әйелдер жағы бір-біріне алақанын тосып, әуелі оң иығын, сосын сол иығын түйістіреді. Ал атасы немесе қайынағалары келіндерімен қол алысып көрісуге болмайды. Жатжұрттық деп саналатын, ұзатылған қызға ағайын-тумасы үлкен болсын, кіші болсын артынан іздеп барып, арнайы көріскен.
Амал мерекесінің бүгінгі қоғамдағы маңызы жоғары. Бірлік пен татулықты ту еткен мереке – қазақ халқының бауырмалдық салтының бір көрінісі екені анық. Біз де сіздерге “Бір жасқа келуіңізбен!”, “Жасыңызға жас қосылсын!”, “Ғұмырлы болыңыз” деп тілек білдіреміз.