Бақытжан Базарбек: Қазір кінәліні іздемейміз, бүгінгі міндет — халықты аман алып қалу

0
36
Фото: AMANAT партиясы

 — Су тасқынына байланысты бір топ Сенат және Мәжіліс депутаты Солтүстік Қазақстан облысында жүр. Олар тұрғындармен кездесіп, су тасқынының зардабын азайтуға бағытталған жұмыстың барысын көрді. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өңірге сапар барысында түйген бірнеше мәселені тізіп берді.

«Сергеев су қоймасы 180% дейін толды. Бұл 60-70 жылдары салынған, содан бері ешқандай жөндеу жүргізілмеген бөгетке қандай жүк екені түсінікті. Бірақ, жөндеуге қаражат сұрағанымен, тиісті министрлік бұл нысанға ақша бөлмей отыр. Тағы бір өзекті мәселе — Сергеев су қоймасының шетінде карьерлер бар. Ол жерде жарылыс жұмыстары жүргізіліп, жер қойнауын пайдаланушылар шахталарын тесіп жатыр. Бұл ертең бөгетке кері ықпалын тигізеді. Су қоймасы тесілсе, ол 20-30 шақты елді мекенді емес, бүкіл Петропавл су астында қалады. Сондықтан бұл мәселелерге Үкімет дер кезінде қарап, уәкілетті органдар қадағалайды ғой деген үміттемін», — дейді депутат.

Жергілікті халықпен кездескен мәжілісмен тұрғындарда қорқыныш басым екенін айтады. Ол — өтемақы алуға қатысты.

«Тұрғындардың көпшілігі эвакуация басталғанда құжаттарын ала алмай, үйде қалдырып кеткен. Кеше бір ауылдың көшесімен қайықпен жүзіп өттік. Үйлерді шатырына дейін су басқан. Яғни құжаттарының бәрі суға кетті. Бірақ тұрғындарға үрейленудің қажеті жоқ. Жердің, үйдің құжаттамалары жоғалса, су басқан үйде қалса, ақпараттық жүйелер базасында оның бәрі сақталған. Жер кадастры ақпараттық жүйе арқылы құжаттарды қалпына келтіруге болады. Мал-мүлкі су астында қалған азаматтардың, әсіресе Қазақстанның батысы — Ақтөбе, Атырау облысында малы судан қырылған азаматтар бар. Бұл жерде ауыл шаруашылығы малдарының идентификациясы базасы бар. Ол жерде әр адамға қанша мал тіркелгенін растауға болады. Ертең халыққа өтемақы төлерде мемлекеттік органдар „тырнақ ішінен кір“ іздемеу керек. Топан су уақытымен кетеді. Су кеткеннен кейін тұрғындар бүкіл мал-мүлкінің шығынын мемлекеттен сұраған кезде, мәселе болуы мүмкін. Сол кезде біз оны жеке қадағалауға аламыз. Өйткені адамдар мал-мүлкінен, үйінен, жерінен толығымен айрылып отыр және бұл олардың кінәсі емес. Табиғи апаттан зардап шеккендер толық өтемақысын алуға тиіс. Президенттің өзі айтып отыр оны. Ертең жауапты мемлекеттік органдар тарапынан өтемақы төлеу кезінде қиындықтар туса, төлемесе, ал адам зардап шексе, мұндай жағдайда лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тарту керек», — дейді Бақытжан Базарбек.

Мәжіліс депутатының пікірінше, су тасқыны аяқталғаннан кейін барлық уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарға тиісті бөгет-плотиналардың, су шайып кеткен ауылдардың бюджеттерін қарап, 2018 жылдан бастап қандай дамбалар жоспарланған, қандай бөгеттер соғылуы керек еді, оған қанша ақша жұмсалған — соның бәрін тексеру керек.

«Тиісті құқықтық бағаны прокуратура және антикор беруі тиіс. Өйткені бұл жерде де әкімдіктерге, жергілікті атқарушы органдарға, төтенше жағдайлар қызметіне және басқа да уәкілетті органдарға сұрақ туындайды. Сондықтан да біз Парламент Мәжілісі депутаттары қазір кінәліні іздемейміз, қазіргі негізгі міндет — қауіп-қатердің алдын алу, халықты эвакуациялау. Осы үшін барлық мемлекеттік органдар жұмыла іске кіріскен», — дейді Бақытжан Базарбек.

Бұған дейін СҚО-да су тасқынына байланысты 1800 оқушының қашықтан оқуға көшірілгенін айтқан едік.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз