Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша кешенді жоспар іске асырылып жатыр.

0
148
Фото: sk-trust.kz

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова елімізде жыл сайын отбасылардың мыңнан астам жетім баланы қабылдайтынын айтты.

Оның айтуынша, 21 мың жетім баланың 17 600-і отбасыларда тәрбиеленіп жатыр.

Жыл сайын Қазақстан азаматтары отбасына мыңнан астам жетім баланы қабылдайды. Біз балалар үйлерін институционалсыздандыруды жалғастырып жатырмыз. Үш жылда олардың саны 21 ұйымға көбейді, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде.

Жиында белгілі болғандай, балаларды қорғау мен қолдау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі.

Биыл елімізде Бала құқығы туралы конвенцияның қабылданғанына 30 жыл толды. Осы уақытта еліміз балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыруда үлкен жолдан өтті.

Сонымен бірге Насымжан Оспанова 8 өңірдегі мектептерде ДосболLike антибуллингтік бағдарламасының енгізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Оқу-ағарту министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, «Менің бауырым» волонтерлік жобасын іске асырып жатыр. Жоба арқылы балалар дұрыс қарым-қатынас орнату, әртүрлі жағдайларды шешу үшін тіл табысуды үйренеді.

Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша кешенді жоспар іске асырылып жатыр. Аймақтық психологиялық қолдау орталықтарын дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл балалардың кәсіби психологиялық көмек алуына мүмкіндік береді. Зорлық-зомбылықтың алдын алу, одан зардап шеккен балаларды анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі қабылданды, – деді Насымжан Оспанова.

Айта кетсек, кеше Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында көзделген Балалардың құқығын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі шараларды мақұлдаған болатын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз