Болашақ саясаттанушыларға арналған семинар-тренинг өтті

0
268

Жас саясаттанушылар тобын қалыптастыру мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университенінің Философия және саясаттану факультетінде «Жастардың саяси мәдениеттін арттыру жолдары» атты көшпелі семинар-тренинг өтті. Саясаттанушылардың қара шаңырағында өткен семинар-тренингті саясаттану PhD докторы, “Тұран” университеті “Аймақтану және халықаралық қатынастар” кафедрасының меңгерушісі, 2013-2014 жылдары Гумбольд университетінде (Германия, Берлин) ғылыми тағылымдамадан өткен Жеңісбек Төлен, саясаттану ғылымдары кандидаты, доцент, 2010-2011 жылдары Сантьяго университетiнде (Испания) ғылыми тағылымдамадан өткен Шәріп Ишмухамедов, әлеуметтік ғылымдар магистры, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің оқытушысы Эльмира Назирова,  саясаттанушы, “Болашақ” бағдарламасының түлегі (Австралия, The University of Queensland), халықаралық қатынастар бойынша PhD кандидаты Нұрболат Нышанбай жүргізді.

Алғы сөзді факультет деканы Бекжан Мейірбаев алып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Одан кейін сөз тізгіні тиген саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі Гүлнәр Насимова жобаның маңыздылығын атап өтті. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Халықтың саяси мәдениетін арттыруға бағытталған тақырыптық іс-шаралар өткізу» жобасы шынында да жақсы әрі тың жоба екен. Осы жобадан өзімінің бұрынғы шәкірттерімді көргеніме қуанып отырмын. Бүгінгі семинар-тренингті факультеттің бұрынғы студенттері мен қазіргі студенттері арасындағы тәжірибе алмасу десе де болады. Дегенмен мұндай семинар-тренингті тек саясаттану мамандығы бойынша білім алатын студенттерге емес, басқа мамандық иелеріне де өткізуге кеңес беремін» деді ол.

Семинар-тренинг Жеңісбек Төленнің саяси мәдениеттің теориялық негіздері жөніндегі презентациясымен басталды. Айта кетейік, ол «Саяси мәдениет Қазақстанда тұрақтылықты қамтамасыз етудің факторы ретінде» атты диссертациялық жұмыстың авторы. Ж.Төлен докторлық ғылыми диссертацияны осы тақырыпта қорғаған маман болғандықтан, саяси мәдениеттің аспектілерін студенттерге оңай түсіндірді.

Ал Ш.Ишмухаммедов саяси мәдениеттің практикалық негіздері туралы сөз қозғап, оның адам өміріне тікелей қатысты жағына баса назар аударды. Оның презентациясында саяси мәдениеттің девальвациямен, пәтер бағасымен, жалпы экономикамен, күнделікті тіршілікпен арақатынасы көрініс берді.

Э.Назирова өз презентациясында саяси мәдениеттің қазіргі таңдағы көрініс беріп жатқан түрлеріне тоқталды. Студенттерге саяси мәдениет пен саяси белсенділіктің ара-жігін ашып көрсетіп, екеуін шатастырып алмауға шақырды. Оның ойынша елімізде саяси өмір уақыт өткен сайын жаңарып жатқаны жасырын емес. Мұндай жағдайда әрбір азамат өзінің саяси мәдениетіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.

«Болашақ» бағдарламасының түлегі Н.Нышанбай қазір саясатқа араласудың жолы көп екенін, бұрын адамдар саясатқа араласу үшін міндетті түрде бір партияға мүше болып кіру керек болса, ал бүгінгі таңда әлеуметтік желі арқылы, акция арқылы, тіпті шаш үлгісін өзгерту арқылы да саяси өмірге араласуға болатынын айтты.

Көшпелі семинар-тренинг соңында барлық қатысқан студенттерге сертификаттар табыс етілді.

Жобаны Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Қ.Қарабаев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ