Қазақшаға аударылуға тиіс он кітап

0
285

Шыны керек, біздің қоғамның қазіргі жетістіктерінің басында кітап тұр. Сол үшін де әлемнің ардақты данышпандары мен оқымыстылары бар білгенін ақ қағаз бетінде жазып қалдырып кетті. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген өрелі сөзі биік парасаттылықтың, терең ойдың көзқарасы екенін аңдайтын кез келді. Қай заманда да оқырманның қалауы жақсы кітап болған. Біз бүгін әлемдік әдебиетте орны бар, бірақ әлі күнге дейін қазақшаға аударылмаған романдар туралы сөйлемекпіз.

«Қарлы ел»

1968 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты ретінде жапон жазушысы Ясунари Кавабатаның есімі үлкен мінберде аталды. Оның шы­ғармашылығындағы дара ерекшелік пен ойлылық, өзіндік әлем жазушы­ның атын алдымен өз еліне, содан кейін төрткүл дүниеге мәшһүр етті. Біз сөз ет­келі отырған «Қарлы ел» романы ал­ғаш рет 1935-1947 жылдар аралығында әртүрлі формада жарық көрді және оның шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік роман болды. Аталған шығарма алғашында әдеби журналда шағын әңгі­ме ретінде оқырманмен жүздесті. Кейін келе тоғыз әңгіме бір романға айналды. Шығармадағы оқиғалар Жапон теңізінің солтүстік аймағындағы қатты желдің әсе­рінен қалың қар түсетін таулы аймаққа қатысты. Бес метр­ге дейін жиналатын қар кейде қалалар мен ауылдарды маңайдағы аудандардан, тіпті тіршілік көзінен алыс­татып, бөліп тастайды. Ал жазушы осы тұста жапон әдебиетіне тікелей қатысты жалғыздық ұғымын, жалғыздық сезімін алға тартады.

«Қарлы ел» – токиолық кейіпкер мен провинциялық гейшаның арасындағы махаббат туралы әңгіме. Басты кейіпкер Шимамура – бай, отбасылы, байлығын мұра еткен, өзін балет шебері деп санайтын адам. Әлдебір қалаға жол тартқан ол пойызда Йоко есімді жас әйелдің бір науқас адамға күтім жасап жатқанын көреді. Әйелді пойыз терезесіндегі сәу­ле арқылы бақылайды, әсіресе оның көз­деріне, нәзік дауысына тәнті болады.

Романның шарықтау шегі Комаконың «Онсен» қонақ үйіндегі Шимамураның бөлмесіне баруы еді. Олардың өзара әңгімесі кезінде Шимамура оны «жақсы қыз» емес, «жақсы әйел» деп атайды. Ал Комаконың Шимамурамен жақсырақ және бақытты өмір сүруге деген үміті жай ғана алдау болып қала береді.

Романның ең соңында ол кезде кинотеатр ретінде пайдаланылған қала қоймасында өрт шығады. Шимамура мен Комако өртті өшіруге барады. Сол кезде екеуі Йоконың қойма балконында құлап жатқанын көреді. Комако Йоконың денесін ауыздықсыз өрттің арасынан тысқа алып шығады, ал Шимамура түнгі аспанды бақылап, басы ауған жаққа кете барады.

Осыдан кейін Комако мен Шима­мураның қарым-қатынасы қайшылыққа түседі, Шимамура Комаконың өзіне тым жақын болып бара жатқанына алаңдайды, бірақ онымен бірге уақыт өткізу үшін іздеп келуді жалғастыра береді. Пойызда кездескен әйел Йоко өмірінің соңына дейін Юкиоға қамқорлық жасайды, содан кейін ауылда қалып, Шимамура тұратын қонақ үйге жұмысқа орналасады.

«Қарлы ел» Жапон милитаризмі кезе­ңінде жазылғанымен, роман пойыз, қар тазалағыш құрылғы және қар көш­кінінен сақтану аспабы сияқты заманауи өнертабыстарды қамтиды. Кавабата заманауи және дәстүр арасындағы қара­ма-қайшылықты елемесе де, заманауи өнер­табыстарды дәстүрлі Жапонияның бөлігі ретінде сипаттайды. Мұны роман­ның ең басындағы пойыз туралы сурет­теулерден анық байқауға болады. Жазушының алғырлығы сонша кейіп­керге жолаушы әйелдің әдемі көз­дерін пойыз терезесіне түскен сәуле арқы­лы бақылатады. Пойыздың электр жары­ғы осылайша дәстүрлі эстетикалық көрі­ністі жеңілдетеді. Түрлі заманауи өнер­табыстар оқиға өрбіген Онсен қала­шығында өмірдің қалыпты бөлігі ретінде қарастырылады.

Бізге ерекше әсер еткен Кавабатаның паспортына айналған бұл романның басты кейіпкері өз әлемінен шығып, қиялындағы арман аралына саяхат жасайды. Жазушының асқан шеберлігі арқасында кейіпкерлер өз бақытын іздеу арқылы мына қоршаған әлемді елеусіз қалдырады. Шимамураның сапар барысында пойызда Йоконың көзін көргеннен кейінгі әсері мен шығарма соңында өрт кезінде Құс жолына көз салуында бір үнсіз үндестік бар, оны бір білсе, Кава­батаның өзі біледі.

Егер біз осы шығарманы ұстап тұр­ған үш нәрсе бар десек, олар; адам, жал­ғыздық және мұң. Автор «Қарлы елінде» өзі сөз еткен және қосалқы көрініс тапқан сұлулықты бейнелеуде мұң элементі сәтті рөл ойнайды. Мұң дегеніміз – кейіпкерлер жан дүниесіндегі мұң, табиғат сұлулығындағы жалғыздық сезімі, кейіпкер Йоконың сыңғырлаған дауысындағы тәтті мұң және бірін-бірі іздеген алуан түрлі жүректер мұңы.

Тони Моррисон. «Сүйіктім»

«Сүйіктім» романы – Америка әде­биетінде есімі алтын әріппен жазылған қара нәсілді жазушы Тони Моррисонның ең жақсы шығармасының бірі. Бұл шығарма 1988 жылы көркем әдебиет саласы бойынша Пулитцер сыйлығын алды. Шығарма құлдықта болған халық ұрпақтарының өмірі, олардың бақыт­қа, еркін өмірге деген күресінен туған құлшыныстарды сөз етеді. Шығарма Сете есімді қара нәсілді әйелдің азамат соғысына дейінгі кезінен бастап, Цин­циннатиде (Огайо штаты) болған уақытына дейінгі өмірін суреттейді. Кейіпкер Сете ол жерде еркін өмір сүрсе де, өзін құл сезінеді. Бір сөзбен айтқанда, ол құлдық өмірінің көлеңкесінен шыға алмай, жанталасады, содан шығудың жолын іздейді.

Бұл роман 1856 жылы Кентукки план­тациясынан Роберт және балаларымен бірге қашып, қара нәсілді күң әйел Маргарет Гарнердің бастан кешкен оқиғаларына, солар көрген азап пен мехнатқа негізделіп жазылған. Құл иесі мен құл саудагерлері арасындағы тартыс, құлдықтан қашқан жазықсыз жандардың өмірге деген ынтасы бәрі-бәрі Тони Моррисонның бұл кітабында шынайы түрде баяндалады. Осы романның кейіпкері құлдық қамытын қайта кимес үшін кішкентай қызын өз қолымен өлтіреді. Одан кейін де әртүрлі қорлау­ды көрген Сете қызының құлпытасына «Сүйік­тім» деп жазады.

Роман жарыққа шыққаннан кейін бір жыл өтпей 1987 жылғы Ұлттық кітап сыйлығын жеңіп алды. The New York Times құрастырған жазушылар мен әдебиеттанушылар арасында жүргізілген сауалнама оны 1981 жылдан 2006 жылға дейін америкалық фантастиканың үздік туындысы деп бағалады.

Ал шығармада отбасылық қарым-қатынастар туралы да күрделі көзқарастар бар. Сол кездегі АҚШ қоғамындағы африкалық-америкалық отбасылар­дың өзіне тиесілі күйзелісін бір роман арқылы жеткізу мүмкін емес еді. Солай бола тұрса да, сол халықтың өкілі ретінде Тони Моррисон осы романды жазып, ақ пен қара қоғамының кезінде қандай болғанын, қазір қай деңгейге жеткенін өзара салыстырғысы келген сияқты. Талай тағдырды талқандап, көптеген азаматтың үмітін үрейге айналдырған құлдық жүйе африкалық америкалықтардың өздері­не, отбасыларына, балаларының жүрегі­не ауыр жара салғаны шындық. Жазу­шы кейіпкерлер өмірін суреттей келе, Сетенің өз қызын өлтіруі оны құлдық өмірден құтқарғаны деген шешімді астарлап жеткізеді. Әрине, түсінген адамға бұл да бір өзекті мәселе. Осылайша, кейіп­кердің отбасы өздері өмір сүрген уақыт пен қадірсіз қоғам сияқты екіге бөлініп, өзара тартысқа түседі. Ауыр құлдықта болған адамдар қоғамдық іс-шараларға қатыса алмайтындықтан, олар өз табиғатынан тыс құбылыстарға сенім арта бастайды. Құлдық кезіндегі азаптың кесірінен құлдықта болған адамдардың көпшілігі өткенді ұмыту үшін дөп келген әртүрлі қиындықпен күресті, тағдырдың шимай жолдарында өз іздерін қалдыруға тырысты. Қатыгез тарихтың, солақай саясаттың адам жанына салған жарасының мәңгі жазылмайтынын ескерткен бір кітап болса, ол – осы «Сүйіктім» романы.

Хан Каңның «Ет жемейтін әйелі»

Оңтүстік Кореяның танымал жазушысы Хан Каң 1970 жылы дүниеге келген. Оның атын шығарған «Ет жемейтін әйел» атты романы. Аталған шығарма 2016 жылы Букер халықаралық әдебиет сыйлығын алған. Хан Каңның әдебиетке келуіне әкесі Хан Сын Вонның әсері болғаны шындық, өйткені, ол да жазушы.

Бізге өзгеше әсер сыйлаған «Ет же­мейтін әйел» романы кенеттен ет жеу­ді тоқтатуға шешім қабылдаған үй шаруа­сындағы Йон Хе туралы әсерлі әңгіме. Оның бұлай істеуіне кенеттен көрген түсі себеп болады. Сеулде тұратын жас келіншек түсінде қанға толы әлдебір қорқынышты затты көреді. Оның бұл тосын шешімі отбасынан және қоғам­нан алшақ болуына негіз болады. Роман негізгі «Ет жемейтін әйел», «Моңғол белгісі», «Жалынды ағаштар» деген үш бөлімнен тұрады.

Бұл кітап оқырман үшін кездейсоқ дүние болуы да бек мүмкін. Себебі онда оқырмандардың жеке нанымдарына қатысты тұстары да кездеседі. Тақырыбының өзі кітапқа қызығатын, әдебиетті сүйетін адамды бірден елітіп әкетері сөзсіз. Кейде адамдар өзінің кей­бір шешімдері үшін айналасындағы адамдардан, достарынан, тіпті қоғамнан алыс­тап кетеді. Романдағы кейіпкер де сондай күйді бастан өткізеді. Романды оқып отырып, ең бастысы, адамдардың өзінен басқа біреуге қалай назар аударатыны жөнінде түсінікке ие боламыз. Мұндағы ет жемейтін әйел жеке өмір таңдауы үшін күреске түскен, соған үнемі жіті әрекет ете алатын топтың типтік өкілі.

«The Guardian» басылымы осы кітап жөнінде: «Бұлыңғыр армандар, қайнап тұрған шиеленіс көрініс тапқан. Оңтүстік Корея жазушысының бұл романы өте керемет шығарма» деген баға береді.

Романда ет жемейтін әйелдің кү­йеуі шығарманың басында мынадай түсі­ніктеме береді: «Ол аз сөзді әйел еді. Тіпті сирек талап қоятын. Мен үйге кеш келсем де ол қабақ шытып, мазасыз күйге түскен емес. Демалыс күндеріміз сәйкес келсе де, бір жерге бірге бару туралы ол ешқашан ойланбайтын».

Романның соңғы бөлімінде Ен Хе психиатриялық ауруханаға түседі. Сол жерде ол өткен істерді ой елегінен өткі­зеді. Күн өткен сайын оның жағдайы нашар­лай түседі. Сонда да ол тамақ жеу­ден бас тартып, ешкіммен сөйлескісі кел­мейді. Науқас төсегінде жатқан ол кенеттен сыртқа көз салғанда қара бұлтты қақ жарып ұшқан қара құсты көреді. Мүмкін, ол кейіпкер әйелдің көкке ұшқан жаны шығар?

Атақты «Улисс»

Ирланд жазушысы Джеймс Джойстың модернистік романы «Улисстың» жа­зылғанына жүз жыл толды. Содан бері бұл шығарма әлемдік өреден түскен жоқ. Романның шағын нұсқалары алғаш рет америкалық «The Little Review» журналында 1918 жылдың наурызынан 1920 жылдың желтоқсанына дейін сериялы түрде жарияланып отырған. Ал толық нұсқасы Парижде 1922 жылы 2 ақпанда Джойстың 40 жылдығында Сильвия Бич баспасынан жарық көрді. Әлем­дік әдебиет сыншыларының пікірінше «Улисс» модернистік әдебиеттің ең ма­ңызды туындыларының бірі болып саналады.

«Улисс» Дублиндегі саяхатшы Лео­польд Блумның өмірі туралы баяндай­ды. Улисс – Гомердің «Одиссей» эпи­ка­лық поэмасының кейіпкері Одис­сейдің латынша атауы және роман Блум мен Одиссейдің, Молли Блум мен Пене­лопаның кейіпкерлері мен тәжі­ри­бе­лері арасындағы құрылымдық сәй­кес­тік­термен, поэма мен роман арасындағы параллельді желінің өзара үндестігімен ерекшеленеді. Роман өте астарлы, сонымен қатар ағылшын әдебиетінің әртүрлі кезеңдерінің стильдерін еске түсіреді. Өкініштісі, жазылғанына бір ғасыр өтсе де, бұл роман әлі қазақшаға аударылған жоқ.

«Мысыққа арналған бесік»

АҚШ жазушысы Курт Воннегуттың «Мысыққа арналған бесік» атты романы сатиралық ғылыми-фантастика­лық шығарма. Кітапта бір сәтте біз өмір сүріп жатқан әлемді жойып жіберуі мүм­кін әрі өте қауіпті қаруды іздеу туралы баяндалады. Ол қарулану жағдайы, технологияны және дінді сатиралайды. Бұл туынды 1964 жылы «Үздік роман» номинациясы бойынша Гюго сый­лығына ұсынылады, жеке кітап болып шыққаннан кейін әлемге кеңінен тарады. Воннегут негізінен шоқтығы биік романдар жазумен айналысқан кәсіби жазушы. Жазушылықпен қатар ол графикалық суретші ретінде де танымал тұлға. Сол үшін де жазушы ғылыми фантастика, қара юмор және сатира жанры бойынша керемет туындыларды жазды. Воннегут осы шығармасында ерік бостандығы мен адамның технологияға қатынасы туралы астарлы сөз қозғайды. Қысқаша айтқанда, «Мысыққа арналған бесік» қырғи-қабақ соғыстағы ядролық жойылу қаупін басты тақырып ретінде алады.

«Шөптер ән салады»

Нобель сыйлығының лауреаты Дорис Лессингтің ең алғашқы романы «Шөптер ән салады» – талайды мойындатқан клас­сикалық шығарма. Бұл – қара нәсілді күңінің қолынан мерт болған кедей ақ нәсілді әйелдің оқиғасы. Романның негізгі бөлігі – Мэридің өмір тарихы. Қара нәсілділер ешқашан Мэри әлемінің бір бөлігі болған емес және ол оларға қатыгездікпен қарайды. Менің ойымша, «Шөп­тер ән салады» шығармасын жазу арқылы Лессинг адамдар қиялдың күш-жігері арқылы да арман-мақсатына жете алатынына үндейді.

«Көлеңкесіз адам»

«Көлеңкесіз адам» романы 1953 жы­лы АҚШ-тың көркем әдебиет бойын­ша ұлттық кітап сыйлығын жеңіп алған тамаша туынды. Авторы – Ральф Уолдо Эллисон. Ол алдымен АҚШ-ты, содан кейін әлемді мойындатқан шын талант­тың бірі. 1998 жылы АҚШ-тағы Зама­науи кітапхана желісі «Көлеңкесіз адам­ды» ХХ ғасырдағы ағылшын тіліндегі 100 ең жақсы романдары тізімінде 19-шы орынға енгізді. Кітаптағы оқиғаларды баяндаушы аты аталмайтын қара нәсілді, шығарманы ол өзінің өмір сүру жағда­йын сипаттаудан бастайды. Оқиға орны­ның бірі ретінде қаланың электр желісі­нен ұрланған қуатпен жұмыс істейтін жүздеген электр шамдары қосылған жер асты бөлмесі суреттеледі. Атсыз кейіпкер өзінің өміріндегі түрлі тар жол, тайғақ кешулерді ой елегінен өткізіп, жастық шаққа қайта бұрылып, оқырманға өз тарихын айта бастайды. Шығарма соңында кейіпкер осы уақытқа оралады, сол арқылы өзі өмір сүріп жатқан қоғамға, кең мағынадан алғанда ортақ әлемге оралуға дайын екенін білдіреді.

«Сәулелі түн»

Күллі әлем тамсана оқыған «Ұлы Гэтсбидің» авторының төртінші романы «Сәулелі түн» деп аталады. Ф.Скотт Фицджеральд не жазса да, махабатпен, сезіммен жазады. Сол үшін де оның шығармалары көптің көңілінен шығып жатады. «Сәулелі түн» романы жас психиатр Дик Дивер мен оның науқасы Никольдің өмірінің керемет сәттері мен қиын-қыстау кезеңдерін сипаттайды. Бұл шығармасында автор өзінің әйелі Зельда Фицджеральд пен өз өміріндегі оқиғаларды әсерлі бейнелейді. Дик маскүнемдікке салынып, ал Николь пси­хи­калық ауруға ұшырайды. Басты екі кейіпкер Францияның оңтүстігіндегі мә­лім қалашықта вилла жалдап, өмір сүреді.

Бір реткі тосын оқиға Дик пен Ни­коль­дің арасын алшақтатады. Өйт­кені олардың өзіне деген сенімділігі мен дос­тығы сарказмға айналады. Бақытсыздық оларды қуып жетеді. Ал Дик әлеуметтік және отбасылық жағдайларда өзін ұят­ты сезінеді. Жалғызбасты Николь ең соңында Томми Барбанмен араласады. Роман осылай екі адамның өзара қарым-қатынасынан басталып, тағы соған ұқсас оқиғалармен аяқталады.

 «Жел айдағандар»

Америкалық жазушы және журналист Маргарет Муннерлин Митчелл­дің «Жел айдағандар» романы сонау 1860-жылдары Американың оңтүстігін шар­пыған өзгерістер туралы әсерлі туынды. Бұл шығарманың оқиға желісі 1861 жылғы Азамат соғысының алдында­ғы күндерден бастау алып, 1871 жылы Джорд­жиядағы билікті демократтар қал­пына келтіргеннен кейінгі сәтке дейін жалғасады. Митчеллдің көзі тірісінде оның осы бір ғана романы жарық көрді. Шығарма ел өмірінің кей деректерін ашуға ниеттенгендігі себепті 1936 жыл­ғы «Ең таңдаулы роман» ретінде АҚШ Ұлттық кітап сыйлығын, келесі жылы Пулитцер сыйлығын жеңіп алды.

Митчеллдің романы сонымен қатар ескі дәуірдегі Американың оңтүстігіндегі қоғамдық жүйеге түсініктеме береді. Ке­йіп­керлер негізінен бай ақ нәсілділер мен сіңірі шыққан кедей қара құлдардан құ­ра­лады. Роман бай отбасының адал мү­ше­лері ретінде жұмысқа алынған үй құл­дарының қиын жағдайын сөз етеді, солар­дың үнін қоғамға ашық жеткізгісі келеді.

«Будденбрукс» – бір отбасының тарихы

«Будденбрукс» – неміс жазушысы Томас Маннның жиырма алты жасында жарияланған алғашқы романы. Кітап 1901 жылы жарық көрген. Шығармада төрт ұрпаққа жалғасқан бақуатты неміс көпестері отбасының құлдырауы сипатталады, ондағы адамдардың 1835 жылдан 1877 жылға дейінгі қарапайым тұрмысы мен әдет-ғұрпы нанымды түрде бейнеленеді. Ізденіп көрсек, жазушы Манн шығармаға отбасының тарихын арқау еткен сияқты. 1903 жылы екінші рет басылып шыққан соң, «Будденбрукс» авторына үлкен әдеби табыс әкеледі. Сонымен қатар осы кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы әдебиет сыншылары мен оқырманның назарына ілініп, 1929 жылы Манн осы романы үшін әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алды.

Қалай айтсақ та, Томас Манн роман­дарының ортақ тақырыбы өнер мен бизнес арасындағы тартыс екені шындық. Бұл көрініс біз сөз етіп отырған роман­да да басым идеялық күш ретінде қарас­тырыл­ған. Сонымен бірге Томастың бұл туындысында Музыка да үлкен рөл атқара­ды, кейіпкер Ханно Бадденбрук, анасы, әкесі сияқты сауда-саттықтың адамы емес, суретші және музыкант болуға бейім адам.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ