Екібастұз халқы екіұдай күйде

0
240

Биылғы қыс Екібастұз халқының басына үлкен ауыртпалық салғаны белгілі. Қаланың әбден жаураған жұрты ақпанның соңғы күні келіп жеткенде «үф» деп терең тыныс алғандай әсер қалдырады. Алайда халықтың көңіліндегі алаң жуық уақытта басыла қоймасы анық. Әсіресе жас отбасылар келешегіне алаңдаулы.

Дерек бойынша Екібастұзда 145 мың­дай адам тұрады. Орталық жылу жүйесіне көпқабатты 689 үй мен 4395 жер үй қосылған. Апат орын алған сәтте көп үйлердің ПИК-тері мен қыз­мет көрсетуші фирмалар берілген нұс­қау­лыққа жауапсыздық танытып, елуден астам көпқабатты баспананың жылу, су және кәріз жүйелері қатып қалғаны мәлім. Алғашқы апталарда 150-ден астам көпқабатты үй мен 120-ға жуық жеке үй жылудан, ауызсудан мүлде ажырап, мыңдаған тұрғын суық пәтерде торғайдай бүрісті. Ара­да үш айдан астам уақыт өткеніне қара­мастан, төтенше жағдайдың салдары әлі де сақталып отыр. Екібастұз ЖЭО хабарлағандай, бүгінде стансадан шығатын желілік судың температурасы 54 градус. Орталықта бес қазандық агрегаты жұмыс істесе, тағы бірі резервте тұр. Тағы екі қазандық ағымдағы жөндеуге қойылған. Жуық арада желілік судың температурасы 70 градусқа көтеріледі деп жоспарланып отыр.

Көктемнің жаймашуақ күндері жақындап, Екібастұз халқын қуантқа­нымен, бір жағынан бүгінде көптің көңілінде үлкен алаңдаушылық бары байқалады. Себебі жылу жүйесіндегі апат алдағы қыста тағы жалғаспасына ешкім кепіл бере алмай отыр. Қа­зандықтарды тазарту үшін станса жұ­мысын толық тоқтатуы керек. Жылу маусымы аяқталған соң ЖЭО күзге дейін қаңтарылады. Осыған байланыс­ты жергілікті мекемелер жазда қалада ыстық су болмайды деп ескертті. Демек тұрғындар жаз бойы су ысыту үшін электр энергиясын шамадан тыс көп пайдаланып, қазіргідей электр жылытқыш қосып отырғандай қосымша шығынға ұшырайды деген сөз. Қазір қаладағы көптеген отбасы суық пәтерлерін тас­тап, туған-туыстары мен таныстарының үйін жағалап кеткен. Өзге қалаларға барып паналағандар да аз емес. Ал ондай мүмкіндігі жоқтар пәтерлерінде қыс бойы жылытқыш қосып, электр энергиясы үшін шамадан тыс шығындалып жатыр. KEGOC компаниясы шаһарда жарық тұтыну көлемі желтоқсан айынан бері 52 мегаватқа өсіп шыға келгенін хабарлады. Бұған дейін екібастұздықтар айына шамамен 32 МВТ энергия ғана тұтынған. Ендеше, бұл жағдай қарапайым халықтың қалтасын қағып отырғанын білдірсе керек.

«Екі бөлмелі пәтерімізде қараша айының соңынан бері жылытқыштарды жиі қолданып келеміз. Табаннан өт­кен сыз ақыры кіші баламды ауыр дертке душар етті. Бет әлпеті қисайып, дәрігерлер оған неврит деген диагноз қойды. Жуықта Павлодар қаласында емделіп келсе, енді Астанаға оңалтуға жібереміз деп отырмыз. Өзім мектепте мұғаліммін. Мектептің іші салқын болуына бай­ланыс­ты ақпан айының соңғы үш аптасында қашықтан оқуға көштік. Алайда балалар онлайн оқуда кәдімгідей қиналады. Үйлерінде жарық жиі өшіп, интернет істемей қалады. Онсыз да суықтан қажыған оқушыларды көп мазаламауға тырыстық. Тапсырманы там-тұмдап беріп, жағдайларына қарай оқыттық. Осы апта басынан мектеп партасына қайта ораламыз. Білуім­ше, кейбір оқушыларым онлайн оқу кезінде ауылдағы туыстарының үйіне кетіп қалған. Олардың қаладағы суық пәтерлеріне оралған соң ауырып қалма­сына ешкім кепілдік бере алмайды», деп қынжылады орта мектеп мұғалімі Бибігүл Сланбекова.

Бұл отбасы апатқа дейін электр қуаты үшін ай сайын шамамен 2-2,5 мың теңге төлеп келсе, қазіргі күні 7 мың теңгеге шығындануға мәжбүр. «Түнде ұйқыға кетер алдында жылытқыштарды өшіріп тастаймыз, себебі шаһарда осындай құрылғы салдарынан тоқ соғып, ерлі-зайыптының қайтыс болғанын естіп-білдік», дейді. Түнде қатты мұздаса да, отбасының қауіпсіздігін бірінші орынға қояды. Биылғы қысты өткерген соң, бұл пәтерде қалу-қалмау жағын ойластырмақ ниетте. Өзге таныстары сияқты Павлодар қаласына немесе елордаға қоныс аудару жоспарларында жоқ емес. Тек барлық мәселе қаржылық жағдайға тіреледі.

Негізі күн жылына баспаналарын сатып, Екібастұздан көшіп кетуге бел байлап отырғандар аз емес. Мұндайлардың көбі – жас отбасылар. Өзге қаладан жалақысы тәуір жұмыс, жайлы баспана табылса, оларды ешкім ұстап тұра алмайды. Ал бұл келеңсіздік көмірлі шаһардың демографиялық-әлеумет­тік жағдайына үлкен соққы болады. Қаланың негізгі жұмыс күшін құрап отырған жас мамандардан айырылса, отын-энергетикалық кешендегі алып кеніштер мен электр стансаларында кім еңбек етпек?

Қалада тұратын жас ана Жанар Құдай­бергенова өз отбасы мүшкіл жағ­дайға тап болғанын қинала жеткізді. Алты айлық сәбиі дүниеге келгелі үйдің суықтығынан 2 рет пневмония ауруына шалдығып, анасымен ауруханаға жатып шыққан. Тұңғыш қызы екі жасқа енді толады, ол да науқас.

«Арбиев көшесіндегі жер үйлердің бірінде тұрамыз. Апат басталғалы бас­панамыз азынап кетті. Сәбиім күні-түні «памперсте» жүрген соң салқын тиіп, ауы­рып қала береді. Жолдасым «Шығыс» кенішінде жұмыс істейді. Оның ай сайынғы 150 мың теңге еңбекақысы түкке жетпейді. Сәбиіме қажет дәрі-дәрмекке, кейде тіпті жаялық сатып алуға ақша таппай қаламыз. Амалым құрыған соң, былтыр жыл соңында қала әкіміне хабарласып, көмек сұрадым. Бір мәрте жаялық үшін деп 15 мың теңге көмек көрсетілді. Тегін дәрі беріле ме деп үміттенген едік. Емханалардан еш қайыр болмады. Ай сайын жылу үшін 9 мың теңге, жарыққа 7-8 мың теңгенің түбіртегі келіп тұрады. Соның өзі бізге үлкен салмақ. Болмаған соң жақында енемнің үйіне көштік. Суық баспанада бұдан артық шыдап тұра беруге болмайды екен. Міне, екі отбасы бір үйге әрең сыйып, жан сақтап отырмыз. Осындай қысылтаяң кезеңде жергілікті әкімдік біз секілді жағдайы нашар жас отбасыларға жәрдемдесуі керек деп есептеймін. Алайда билік өкілдері халықтың жағдайымен онша санаспай отыр», деп өкпесін жеткізді Жанар.

Бұл отбасы жер үйін сатып, пәтерге көшуді армандайды. Бірақ қазір шаһарда жеке үй тұрмақ, пәтерге сұраныс жоқ. Амалы құрыған ерлі-зайыптылар тезірек жаз шығып, жер аяғы кеңігенін күтіп отыр.

Жылуға жарымаған үйлердің тұрғын­дары сатып алған электр жылытқыштар мен жарық шығындарын «Екібастұз жылу-энергодан» сот арқылы өндіріп алуға бет бұра бастады. Мұндай алғаш­қы шағым жуықта азамат Сәндігүл Қожановадан Екібастұз қалалық сотына түсті. Ол соңғы айларда электр жылытқыштарын сатып алуға 322,6 мың теңге шығындаған. Ал электр тарату мекемесінің қызметін пайдаланғаны үшін 160 мың теңгенің түбіртегін алыпты. Тұрғын бұған қоса жылуды дұрыс бермегені үшін жылу мекемесінен 200 мың теңге моральдық өтемақы талап етіп отыр. Сот шешімімен екі тарап өзара келісімге келген. Алайда С.Қожанова өзі талап еткен сома 10 күн ішінде төленбесе, сотқа қайта шағым­данатынын айтады.

Қала әкімі Аян Бейсекиннің сөзіне құлақ түрсек, қазір қалада жылыту мау­сымы аяқталғаннан кейін басталатын ауқымды жөндеу науқанына дайындық қызу. Жылумен жабдықтау жүйелеріне техникалық аудит жүргізі­ліп жатыр. Оның қорытындысы бойын­­ша кешенді шараларға қажет қа­ра­­жаттың сомасы белгілі болады. Ұзындығы 5 шақырым төрт жылу магистралын жаңартуға және 25 километр желіде гидравликалық сынау­лар жүргізуге сметалық құжаттар әзірленіп қойған. ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтпейінше, алдағы жөн­деу жұмыстары қаладағы жылу желілеріндегі тозу көрсеткішін қанша пайызға төмендететінін тап басып айту қиын. Әкім бұған қоса ішкі жылу жүйесінде кемшіліктер анықталған 91 үй бойынша жылу энергиясы 121,9 млн теңгеге қайта есептелгенін, желтоқсан айында ЖЭО артық пайдаланған электр жарығы үшін тұрғындарға өтемақы ретінде 241,8 млн теңге бөлгенін, ал қаңтар айы үшін жылу төлеміне 70 пайыз жеңілдік жасалғанын атап өтті. Мұның барлығы қысылып отырған жұртқа демеу болды деп санайды ол.

Тағы бір мәселе, шаһардағы жылу құбырлары мен ЖЭО-ны жөндеуге қаражаттың қайдан алынатыны әлі күнге беймәлім. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Екі­бастұзға бірнеше мәрте келіп-кеткеніне қарамастан, қаржыландыру көздері жайлы нақты шешімін айтпады. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, мемлекет стан­­саның технологиясын жаңартуға жұм­салатын қаражаттың жартысын ғана көтеруі мүмкін.

«Бұл сұрақ әзірше күн тәртібінде тұр. Егер ЖЭО-ның 50 пайыз акциясы мемлекет еншісіне берілсе, онда Үкімет сол акцияның көлемі негізінде реконс­трукцияға қаржы бөледі. Ал инвестор өз тарапынан тиісті жөндеу шығындарына жауапты болады. Дегенмен бұл мәсе­лені шешудің өзге де жолдары болуы мүмкін. Әзірше нақты жауабын айту қиын», деп мәлімдеді Р.Скляр өткен аптаның соңын­да. Сон­дықтан Екібас­тұз жұртының көңі­лін­­дегі алаң әзірше тарқамайтыны анық.

Жуықта Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың Екібастұз бен Риддер қалаларында жылу тарифі өсетіні туралы мәлімдемесі де жергілікті халықты ашындырып тұр. Екібастұздың байырғы тұрғыны, Мүлік иелерінің республикалық бірлестігінің басқарушы директоры Александр Разумовскийдің пікірінше, ЖЭО-ны жаңартуға қажет қа­ражатты халықтан жинау дұрыс қадам емес. Одан да жергілікті қала құрау­шы кәсіпорындарды бұл іске жұмыл­дырып, билік әрқайсысымен қосымша инвестициялық қаржыландыру шартына отыру керек деп есептейді. Шаһардағы еңбек ұйымдарында еңбек ететіндердің барлығы осындағы үйлерде тұрады. Әлеуметтік жауапкершілікті ескеретін кәсіпорындар жылу стансасын күрделі жөндеуге үлес қосатынына сенімді.

Бұған қоса жергілікті белсенді ха­лық­­тың барлық шығынын ЖЭО қо­жайындары өз жауапкершілігіне алып, өтеуге тиіс деп санайды. Өкінішке қа­рай, «ОАЭК» АҚ бүгінде тек апат кезінде бүлінген пәтерлерді жөндеп, құбырларды жамап-жасқаумен ғана әуре. Компанияның жылу орталығын дамытуға арналған стратегиясының болмауы да оны басқарушылардың жауап­сыздығын дәлелдейді.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ