Кино және сахна тілін қадағалау функциясы енгізілгені жөн

0
15
фото сенат
Аралас тілде сөйлеу белең алды.

 Сенат отырысында депутат Руслан Рүстемов қазақ киносы мен телебағдарламаларда ана тілін шұбарлау, сленг, жаргон сөз қолдануға қарсы ұсыныс айтты. Сенатордың айтуынша,  қазақ киносы көбейгенімен, сапасы сын көтермей тұр. Әсіресе, кинода аралас тілде сөз қолдану үрдісі белең алып барады. Мұны көрермендердің бір тобы реалистік оқиға деп қабылдаса, екінші топ ана тілінің қолдану аясын тарылту деп ұғып жүр. Осылай деген сенатор аралас тіл қолданыстары қазақ тілінің тазалығын сақтауға зиян тигізіп жатқанын айтты. Депутат осы мәселелерді шешу үшін отандық фильмдердің идеологиялық және әдеби сапасына ерекше назар аудару қажет екеніне тоқталды.

«Қазақ киносы тілінде қалыптасқан әлеуметтік-лингвистикалық мәселелерді шешу мақсатында бірқатар ұсыныстарды қолдауыңызды сұраймыз. Отандық кино өнімдеріне әдеби, идеологиялық тұрғыда нақты бақылау орнату мақсатында кино түсіру саласына мемлекеттік лицензиялауды енгізу қажет. Кино мен телеиндустриядағы тілдік мәдениет мәселелерін реттеу мақсатында кино және сахна тілін қадағалау функциясы енгізілгені жөн. Қазақ киносының тілін көркем әдеби стильге негіздеп, мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуын заңнамалық қамтамасыз ету, қазақ тілінде кино түсірушілерге арнайы тілдік курстар өткізу, кенжелеп қалған кино сыны саласын жетілдіріп, әр жаңа фильмге қатысты кәсіби мамандардың сыни пікірлерін жариялайтын арнайы журналдар шығару қажет. Шетел киносының прокатынан өндірілген салықтың белгілі бір бөлігін ұлттық киноны дамытуға жұмсауды, мемлекеттік тапсырыс аясындағы киноның барлығын тек мемлекеттік тілде түсіруді заңнамалық қамтамасыз етуді және ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Сараптамалық кеңестің қызметін заңнамалық тұрғыда қайта өзектендіруді сұраймын», деді  Руслан Рүстемов.

мұндай жағымсыз үрдіс телебағдарламаларда да көбейгенін айтады сенатор.  Телехабарларда аралас тіркестің жиі қолданылуы қазақ тілі үшін проблема екенін атап өтті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ