Ою астарында ой жатыр

0
616

Бірде мәдениеттанушы Зира Нау­рыз­баева әңгіме бары­сын­да киізге арналған ою-өрнекті киімге басып жүр­ге­німізді айтқан-ды. Байқасаңыз, әлеу­мет­тік желі­де де ұлттық киім, этно-стиль ата­­уын жамылып, келсін-кел­ме­сін оюлы киім-кешек сатып жүр­гендер жетерлік. Кейбіріне қарап көз талады. Мұны Nomad этноор­талығының этнографы, қолөнер ше­­бері Бұлбұл Кәпқызы да бай­қап, зер­делеп жүр екен. Ол бізге біраз дүниені тар­қатып айтып берді.

Жалпы, әр оюдың мәні бар, мағынасы бар. Те­ке­метке, кілемге, жерге төсейтін дүниеге ою салу бір басқа, сыртта тұратын дүниеге ою салу бір басқа. Мәселен, түскілем, түскесте, қа­лауыш, алаша бар. Алашаның өзі түс алаша жә­не жерге төсейтін алаша болып екіге бө­лі­неді. Қазір жерге салған сырмақтың оюын алып, киімге басатын болдық. Ол – дұрыс емес. Киімге салған ою жерге салған төсеніштегі оюға қарағанда нәзік, гүлді-жапырақты бол­ғаны дұрыс. Ал ер адамның киіміне басатын ою гүлді-жапырақты емес, қайрат пен төзімді си­паттауы керек. Бұған тау оюы, тасбақа оюы жа­райды. Мысалы, тау оюы мәңгілікті біл­діреді. Тасбақа болса, жер бетінде ең ұзақ жасайтын жануардың бірі. Сондықтан тас­бақаны алыс жолға шыққан ер адамның киімі­не салған. Әйел адамды ұрпақ жалғастырушы бейнесінде елестетіп, көбінесе киіміне гүлді-жапырақты, өсімдіктектес оюды көп салған. Оюдың негізі – қошқармүйіз, аймүйіз, сыңар­мүйіз. Көбінесе, қазақ ою-өрнек саларда дү­ние­танымға қарай табиғатты, табиғат құбы­лысы, жан-жануарды зерттеген. Мысалы, бір жағы иіліп келген ою – шексіздік белгісі. Қош­қармүйіз, аймүйіз береке мен бірліктің, молшылықтың белгісі. Сол сияқты кім салса да оюдың мән-мағынасына, тарихына сүйеніп бейнелеген.

Шапанды шүленше таратып жүрміз

Жоғарыда мүйіздің негізі аймүйіз, қош­қармүйіз бен сыңармүйіз екенін айттық. Оны шама-шарқы, қиялы жеткенше қолдану – әркімнің өз еркінде. Біреу үлкейтіп салады, екіншісі кішірейтіп қолданады. Дұрыс-бұрысына баға бере алмаймыз. Оған қоса, оюдың түрін де тап басып атай алмаймыз. Бұл да адамның қиялы мен ой-өрісінің еншісіндегі іс. Айтқым келетіні, түйетабан сияқты үлкен оюларды киімге бедерлеу көзге оғаш көрінеді. Мұны күнделікті өмірде киюге келмейді. Киімге салған ою нәзік, түсті, жапырақты келіп, ұнамды етіп жасаса, тұтынушы жылы қабылдар еді. Қазір жерге салған сырмақтың, қазақтың туындағы тікмүйізді алады да, шапанға басады. Бұл ерсі көрінеді. Сол үшін киімге ою салаларда ойланып, қиюластырып жасау керек.

ұлттық киім

Негізі, бағзы заманнан шапанның құны жоғары болған. Қазақта ат-шапан айыппұл төлеу бар. Сондай бағалы дүние қазір той-томалақтың, құдалықтың төңірегіндегі сый түріне ауысты. Мысалы, қырық адам құдалыққа кел­се, кемінде онына шапан кигізеді. Шын­туай­тында, әкесіне кигізген шапанды, баласы­на кигізуге болмайды. Әкеге шапан жапқанда, бала көйлек кигені жөн. Біріншіден, шапанның матасына көңіл бөлген дұрыс. Қазақта таң барқыт, қатипа барқыт, жаккард, шұға іспетті мықты, сапалы матадан шапан тіккен. Әйелдер көбінесе жібек пен жаккардтан шапан киген. Сапалы матадан кейін, ою-өрнегіне мән бер­ген. Қалай болса солай, жеңі мен етегіне, біле­гіне ою баса бермеген. Мұндай шапанның құны түседі.

Алматы қаласында Тілек Сұлтан есімді шебер бар. Жас жігіт болса да, ою-өрнектің өн бойына еніп, байыппен салады. Мәнін де, мағынасын да жоғалтпай қолданады. Айжан Әбдуәли де хан шапандарын жаңғыртып жүрген шебер. Нағыз зер дестемен тігеді. Ою-өрнекті дәріптеп, жаңғыртып жүрген адамдар бар. Дұрыс емес қолданып жүргендері де жетерлік. Мысалы, өткен жолы базарға бар­дым. Лайықты шапан іздедім. Алабажақ оюдан көрінбейді. Көбін қолмен емес, мәшинамен тіккен. Бағасын сұрағанымда құны баршылық екен. Сатушыдан несімен құнды екенін сұра­сам, кестесі көп болса, соншалықты бағасы да жоғары болатынын атап өтті. Керісінше, оюы көп болған сайын адамның қарағысы келмей қа­лады. Көз демалу керек. Әсіресе, ер адамның киімінде көп ою болмаған. Пүліштен, барқыт­тан тіккеннен соң, оюды қажет етпеген. Қазір ою салынған бір нәрсе көрсек, соны сыйлауға құмармыз. Негізі, пошымына, ыңғайына мән берген дұрыс. Қоңдырма жең, орама жаға дейтін шапан болған. Бұл – күнделікті киіп жүруге арналған шапан. Қазір ою басу бизнеске айналып кетті. Негізі, матасы мен пошымына, содан кейін өңіне мән беру керек. Мәселен, қазір еуропа стиліндегі қаусырым сәнге енді. Негізі, қазақтың қаусырымында өзгеріс болмаған. Бір жаққа қаусырған. Әдетте, еркек­тер бұл ретті бұзбады, дұрыс. Ал әйелдер еуропа стилінде бір жағын екінші бетке орай қаусырып жүр. Сағат тіліне қарай қаусырып жатса құба-құп. Кері қарай жүрсе, дұрыс емес. Десе де, қазақ­тың киімінде бір ғана қаусырым болған, түймесі күмістен жасалған.

Тақия киюде талғамнан таным маңызды

Өз басым күнделікті өмірде ұлттық стильде киініп жүремін. Орамалымды байлап, бүрме етек, кесте етек көйлегімді киіп, камзол ілемін. Көбінесе, белдемше киемін. Әсіресе, белдемше мен қасаба туралы қыздарға насихаттап жүре­мін. Өйткені қазақ қызы белдемше кимеген. Оны бір бала босанған әйел киген. Жалпы, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Бәрі бірдей кимешек киіп жүру қоғам қозғалысына сай келмейді. Сондықтан қоғамға сай, трендтегі қазақша киімді жандандыру керек.

тақия

Айта кетерлігі, жас шамасына сәйкес киім киген дұрыс. Мысалы, әйелдер тақия киіп алады. Кигенде де ер адамның тақиясын киеді. Төбесіне бір-екі моншақ қадайды да, трендтегі дүние екенін көрсетеді. Көбінесе, тақияны қыз бала киген. Тақия дейміз-ау, кепеш киген. Содан кейін тақияның төбесі шошақ болса – ер адамдікі, төбесі тегіс болса, қыздыкі екені белгілі. Айырмасын білмей жатып, қазақша киіндім деп бәлсінеміз. Бәріне сын айту да қиын. Көп жерде ұлттық стильді жаңғыртып жатқанына қарап, көз жұмамыз. Негізі, ұлттық болмыстан ажырамай, ата-бабаның сара жолымен жүрсек деймін. Түп-тамырында ер бала киген тақияның төбесі шаңырақты, қыздыкі керегені білдірген. Үйдің шаңырағы ер адам болса, керегесі әйел адам деген түсінік­тен шыққан. Қазір шошақ тақияның бәрін әйелдер киіп алды. Мұны көріп өскен жігіттің тақияға жоламасы белгілі. Әркімнің жөн біліп, дәстүрге сай жүргенін қалайтыным бар. Мысалы, қырықтан асқан әйелдер бас киіміне үкі тағып алады. Иә, үкі – тіл-көзден сақтайтын тұ­мар іспетті дүние. Десе де, баяғыда қызға сырға салмайтын, үкі тағатын. Сол үкіні қыз кепешіне тағып алса, қалыңдық атанғаны. Үкілі қалыңдық деген содан шыққан, айтты­рыл­ған қыздың белгісі. Оған ешкім сөз де, көз қырын да салмаған.

Иә, қазақ қызы шекелік таққан. Бірақ қазіргі маңдайдан айналдырған салпыншақ түрін емес. Бұл – моңғолдың, башқұрт, арабтың үлгісі. Қазақ сәукелеге шекелік таққан. Бөрік қыстық баскиім екенін ескерсек, қалыңдық бөркіне үкі таққан. Ал шекелік – тек сәндік бұйым. Көбінде қазақ қызында сырға аз болған. Ханның қызы, байдың қызы сырға таққан. Мысалы, күмістен дүние жасай­тындар жасанды, коммерциялық дүниеге құмар емес. Өйткені олар этнографияға, тарихи кітапқа жақын. Соған ұқсатып, жаңғыртып жасайды. Ал бижутерияны негізге алатындар оңды-солды жасап, бизнесін дөңгелетеді.

Әрбір шебердің үстелінде тарихи бұйым­дарға, этнографияға қатысты кітап тұрғаны абзал. Қазір кітаптың денінде тек бұйымның суреті беріледі. Суретін салғанымен, қалай жасалатынын, қайда қолданатынын, кім, қай жаста киіп, не тағатынын көрсетпейді. Бар болса да, көп адамға қолжетімсіз. Сондықтан әрбір дүниенің жасалуын, қолданылуын жа­зып, жастарға үлгі етпесек, тарихты жаңғырта алмаймыз.

Жазып алған
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ