Су тасқыны кезеңіне дайындық пысықталды
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығы және халыққа онкологиялық көмек көрсету шараларын күшейту мәселелері қаралды.
Жедел әрекет ету тапсырылды
Бірінші мәселе жөнінде баяндаған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин оңтүстік аймақтарда белсенді қар еру басталуына санаулы күн қалғанын айтты. Сол себепті қазір барлық күш-жігер алдын алу шаралары мен су тасқынына дайындыққа бағытталған.
Жалпы, осы жылдың екі айында 15 шақырым уақытша бөген салынды, 24 шақырымға жуығы жөнделді, 16 шақырымнан астам жаңа бөген, сондай-ақ елді мекендердің айналасында 41 шақырым үйінді бөгет тұрғызылды. Одан бөлек 5 мың шақырымға жуық каналдар мен арықтар, автомобиль жолдары және теміржолдардың астына салынған 8,5 мыңнан астам суөтер тұрбалар тазартылды.
Су тасқыны жағдайының қолайсыз дамуы кезінде су басу аймағында 255 елді мекеннің қалып қою қаупі бар. Оған қоса су тасқыны төтенше жағдайларының ықтимал жағымсыз салдарының алдын алу және оларды азайту мақсатында Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің облыстық кіші жүйелерінің бөлімшелері жоғары дайындық режіміне ауыстырылды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова көктемге арналған жаңартылған деректер туралы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жолдарды, көпірлерді және су өткізу құрылыстарын судың көтерілуіне дайындау туралы хабардар етті.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірлердегі қазіргі ахуал мен су тасқыны кезеңіне дайындық туралы баяндады.
Мәселені қорытындылаған Премьер-министр Әлихан Смайылов болжамдарға сүйене отырып, биыл қардың көп болуына және жер бетінің қатып қалуына байланысты су тасу қаупі жоғары екенін айтты.
«Бүгінгі таңда елді мекендерден 11 млн текше метрден астам қар шығарылды, алайда бұл жұмыс барлық өңірде тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ. Өңір әкімдері қар шығару жұмыстарын күшейтулері қажет» деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінде күрделі жағдай қалыптасуына су бұру арналарының, арықтардың, қорғаныш жер үйінділерінің болмауы себеп болған. Салдарынан Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарындағы дренаждық жүйелердің жауын-шашынның көп мөлшеріне қуаты жетпеді. Одан бөлек Атырауда қар күрт еріп, көшелерді су басып қалды.
«Арықтарды, нөсер кәріздерін тазартып, уақытша жер үйінділері мен бөгеттер салу қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен өңір әкімдері жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын бекіту жұмыстарын жалғастырсын» деп тапсырды Премьер-министр.
Үкімет басшысы «Қазгидрометтің» болжамында айтылғандай, наурыз айында еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде екенін, бұған дайын болу керектігін ескертті.
Премьер-министр «Көктем-2023» республикалық оқу-жаттығу шаралары шеңберінде тасқын қаупі туындаған жағдайда нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтауды, жарылғыш заттар мен инертті материалдардың қажетті қорын дайындап, хабарландыру жүйелерінің дайындығын тексеруді тапсырды.
«Қосымша күштер мен құралдар орналасатын жерлерді, эвакуацияланатын халықты қабылдау пункттерін және ауыл шаруашылығы жануарларын көшіру үшін қауіпсіз учаскелерді анықтау қажет» деді Премьер-министр.
Одан бөлек, Премьер-министрдің айтуынша, коммуналдық, жекеменшік және иесі жоқ гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жөніндегі шаралар әзірлеп, су қоймаларын толтыру көлемін қайта қарау керек, қажет болса, оларды алдын ала қауіпсіз босату жөнінде шаралар қабылдану керек.
«Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша республикалық деңгейде Премьер-министрдің бірінші орынбасары жетекшілік ететін үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия жағдайды бақылауда ұстап, су тасу жағдайларында жедел әрекет етуге дайын болуға тиіс» деп түйіндеді Әлихан Смайылов.
Қатерлі ісік ауруымен күрес күшейеді
Үкімет отырысында халыққа онкологиялық көмек көрсету шараларын күшейту мәселесі қаралып, оның жоспары талқыланды.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният республикада онкологиялық аурулары бар 205 мыңнан астам пациенттің динамикалық бақылауда тұрғанын, жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталатынын, қатерлі ісіктен 13 мыңнан астам адам қайтыс болатынын баяндады. 2022 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша жоғары көрсеткіш Қостанай, Ақмола, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында байқалады.
Онкологиялық медициналық көмекті одан әрі жетілдіру мақсатында Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді. Оның шеңберінде онкологиялық скринингтік бағдарламаларды кеңейту, адам папилломавирусына қарсы вакцинациялауды енгізу, қажет болған барлық өңірлердегі онкологиялық орталықтарды жөндеу, сондай-ақ олардың диагностикалық жабдықтарын жаңғырту жоспарланып отыр
Бұдан басқа, Алматы қаласында, сондай-ақ Атырау, Алматы, Ұлытау, Жетісу, Ақтөбе облыстарында жаңа онкологиялық орталықтардың құрылысы, ал Астанада Протонды терапиямен жабдықталған Ұлттық ғылыми орталықтың ашылуы күтілуде.
Сондай-ақ ісікке қарсы жаңа дәрілік заттарға қолжетімділікті арттыру, онкологиялық пациенттер үшін мобильді бригадалар желісін кеңейту, ғылымның тиісті бағыттарын және жалпы кадрлық әлеуетті дамыту жөніндегі шаралар көзделген.
Отырыста Астана қаласының бас онкологы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Төлеутаев та өз ұсыныстарын білдірді.
Оның айтуынша, құрамында көпсалалы медициналық орталық, консультативті емханалар мен онколог маман дәрігерлер шоғырландырылған Астананың онкологиялық қызметі 44 қалалық емханаларға көмек көрсетіп келеді. Орталықтың тәулік бойы жұмыс істейтін 10 емханасында жыл бойы 12 мың науқас ем қабылдайды.
«Орталық жұмысында хирургиялық, химия-терапиялық және сәулемен емдеу тәсілдері қазіргі замандық деңгейде толықтай игерілген. Бас пен мойын ісіктеріне микро хирургиялық операциялар және тіл мен жақ сүйектеріне адамның өз талшықтарын алып-салу операциялары елімізде 2012 жылдан бастап бірінші рет тек біздің орталықта жүзеге асырылып, халықаралық деңгейде жүргізіліп келеді», деді М.Төлеутаев.
Оның айтуынша, орталықтың негізгі ғимараты 2009 жылы қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды, сонан кейін онкологияны дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламалар аясында емдеу, диагностикалық құралдар және қондырғылармен жарақтандырылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген еліміздің онкология саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары онкологтер мен онкологиялық орталықтардың қажетті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Жоспардың жобасы республиканың барлық онкологиялық орталықтары және Қазақ онкология мен радиология ғылыми-зерттеу институтының қатысуымен әрбір аумақтың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді», деді ол.
Мәселені қорытындылаған Премьер-министр тіпті ең заманауи медициналық технологиялар болған жағдайда да онкологиялық ауруларды емдеу әлі де бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау салалары үшін үлкен сынақ болып келе жатқанын айтып өтті. Мәселен, елімізде жыл сайын онкологияның 37 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталады. Бұл ретте, 20 жыл ішінде өлім-жітім деңгейінің 33%-ға төмендеуіне қарамастан, қатерлі ісік жыл сайын 13 мыңнан астам адамның өмірін жалмайды.
Әлихан Смайылов онкологиялық аурулармен ауыратын науқастардың жартысынан көбі еңбекке жарамды жастар екенін айтты.
«Мұндай көрсеткіштердің басты себебі – ауруды кеш анықтау. Сізде ең жаңа жабдықтар мен дәрі-дәрмектер, заманауи ауруханалар болуы мүмкін, бірақ ауруды ерте сатысында анықтай алатын жоғары білікті мамандар қажет. Сондай-ақ халықпен үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізу қажет», деп атап өтті Премьер-министр.
Үкімет басшысы өңірлерде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Бұл қалалық және ауылдық тұрғындар, өңірлер мен Астана арасындағы медициналық қызмет көрсету деңгейіндегі теңгерімсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.
«Азаматар диагноздың кеш анықталуы, жергілікті жерлерде медициналық мекемелердің нашар қамтамасыз етілуі, медицина қызметкерлері мен дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне шағымданады. Мұның бәрі онкологиялық аурулардан өлім-жітімнің жоғары болуына әкеп соғады» деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында ерте бастан анықтау деңгейінің төмендігі мен өлім-жітім деңгейінің өте жоғары екені көрініс беріп отыр.
«Бұл өте маңызды мәселелер, оларды жүйелі түрде шешу қажет. Адамдардың отандық медицинаға деген сенімін, олардың тұрақты тексеруден және сапалы емдеуден өту қажеттілігін қалпына келтіру керек. Ол үшін біз жаңа онкологиялық клиникалар саламыз, жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып аламыз, заманауи емдеу әдістерін енгіземіз. Бұған онкологиялық аурулармен күресудің жаңа кешенді жоспары да бағытталған», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда азаматтардың 20%-ы скринингтік бағдарламалармен қамтылған, бұл өте төмен көрсеткіш. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне профилактикалық тексеру, әсіресе онкологиялық аурулардың мақсатты топтары мен бағдарламаларын кеңейту тапсырылды.
«Адамдарды өз денсаулығына мұқият болуға, үнемі тиісті тексерулерден өтуге сендіру керек. Ол үшін денсаулық сақтау және ақпарат министрліктері әкімдіктермен бірлесіп кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуі керек», деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтау үшін анағұрлым тиімді диагностикалық шараларды әзірлеу қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы әлемдік тәжірибені ескеріп, қазақстандық жетекші ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың сарапшыларын тарту қажет.
Премьер-министр келесі жылы елордада Протонды терапиямен жабдықталған Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың ашылатынына байланысты оны жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселелерін қазірден бастап пысықтау қажет екенін айтты. Атап айтқанда, кеңес беру, тәжірибе алмасу және отандық дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін ірі әлемдік онкологиялық орталықтармен ынтымақтастық орнату маңызды.